ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ САЯСИ ҮНДЕУІ

Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫ

 

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы алдағы екіжылдық кезеңге Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады.

Қазақстан өз кандидатурасына қолдау көрсеткен БҰҰ барлық мүше мемлекеттеріне өз ризашылығын білдіреді. Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануымызды жоғары жауапкершілік және халықаралық қоғамдастықтың біздің елімізге және оның бейбіт саясатына,  қазақстандық бастамалар мен БҰҰ-ның әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде рөлін күшейту бойынша ұсыныстарға сенімі ретінде қарастырамыз.

2017 жылғы 1 қаңтардан жаңа БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш мырзаның өз қызметін бастауын құптаймыз. Қазақстан Кеңесте қорғайтын мақсат-мұраттары мен қағидаттарына толығымен сәйкес келетін оның қөзқарастарын, басымдықтары мен адал күш-жігерін қолдайды.

2017 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы мүшелігіне 25 жыл толады.

Ширек ғасыр ішінде біздің еліміз БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен міндеттеріне, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына толық бейілділігін көрсетті.

Қазақстан қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңызын ескере отырып, Кеңестің толық күн тәртібі бойынша әділ және бейтарап қызмет атқаратын болады. Біз Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелерімен тең негізде ынтымақтасуға, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға жетуге және бәтуаластықты қалыптастыруға ниеттіміз.

Біз БҰҰ-ның барша мүше мемлекеттері, ең алдымен, Кеңестің тұрақты мүшелері арасындағы өзара іс-қимылды қалпына келтіріп, оны дамытуға және сенімді нығайтуға жан-жақты жәрдем көрсететін боламыз.

Еліміз Қауіпсіздік Кеңесімен және оның қосалқы органдарымен, сондай-ақ БҰҰ Хатшылығымен және оның тиісті бөлімшелерімен Кеңестің Күн тәртібінің барлық мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл жасайды.

Біз жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешуге ұжымдық жауапкершілік қалыптастырылып, Кеңестің мүше елдері арасында XXI ғасырға сәйкес келетін, мемлекеттер қарым-қатынастарының жаңартылған моделін құру  маңыздылығы түсінігін нығайтуға ұмтыламыз.

Кеңесте атқаратын жұмыс кезінде өз миссиясының осындай қағидаларын ескере отырып, Қазақстан өзінің алдында келесі басымдылықтарды қояды.

БІРІНШІ. Ширек ғасыр бұрын әлемде бірінші болып Семей сынақ ядролық полигонды жауып, әлемдегі қуатты ядролық арсеналын жойған ел ретіндегі Қазақстан үшін ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізу адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселесі болып табылады.

Біз ғаламшарды ядролық қарудан құтқару бойынша әлем қоғамдастығының күш-жігерін жұмылдыруды ядролық қаруды таратпау режимін жүйелі түрде бекемдеу мен нығайту, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңестің 1540 қарарын мүлтіксіз орындау арқылы жалғастыруға ниеттіміз.

Иран ядролық бағдарламасы бойынша келісімнің жетістіктерін және олардың іске асуын құптай отырып, Қазақстан бүкіл ұқсас жағдайлар мен дағдарыстарда оларды үлгі ретінде қолдануды жақтайтын болады. Бұл үшін біз Кеңестің 2231 қарары бойынша үйлестірушісімен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы Корей түбегіндегі ядролық қару проблемасы бойынша көпжақты келіссөздер процесін кідіртпей қайта бастауға шақыра отырып, оны шұғыл және сындарлы түрде шешуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарайды.

Задында Қазақстан БҰҰ барлық мүше мемлекеттерін, әсіресе Қауіпсіздік Кеңестің тұрақты мүшелерін, 2045 жылы БҰҰ-ның 100 жылдығы қарсаңында әлемді ядролық қарудан құтқаруға шақырады.

ЕКІНШІ. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесіндегі күш-жігері жаһандық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестің дәрежесін азайту арқылы жаһандық соғысты алдын алу және оны толайым жою үшін барлық жағдайларды жасауға бағытталмақ.

Бейбітшілікке жету және мемлекеттер арасындағы проблемаларды реттеу құралы ретінде соғыстан бас тарту адамзаттың XXI ғасырда аман қалуының негізгі мәселесі екеніне қатты сенеміз. Осы орайда Қазақстан қақтығыстар мен зорлық-зомбылықты тоқтату бойынша бірлескен
іс-әрекеттер алгоритмін қамтитын менің «Әлем. 21 ғасыр» манифестімді ілгерілетуге ниетті.

Қазақстан БҰҰ бітімгершілік жүйесін одан әрі жетілдіруді қолдап, БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларындағы бақылаушылары мен бітімгерлердің санын ұлғайтуға ниетті.

Кеңестегі жұмысымыз кезінде біз палестина-израиль арасындағы қарсылықты, Таяу Шығыстағы, Ауғанстандағы, ТМД кеңістігіндегі қақтығыстарды бейбіт түрде шешуге, Корея түбегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге, Африка мен Азиядағы дағдарыстарды шешуге қолдан келгенше үлесімізді қосуға ниеттіміз.

ҮШІНШІ. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған алғашқы Орта Азиялық мемлекет болып табылады.

Біз өңірдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңірлік сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді қарсы іс-қимыл жасау, ынтымақтастықты нығайту және оның өсіп өркендеуіне ықпал ету мен оны дамыту бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүдделерін ілгерілету жөнінде белсенді жұмыс істеуге ниеттіміз.

Біз Орталық Азияда барлық мүдделі елдердің мүдделерін үйлесімді байланыстыру негізінде бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатынына сенімдіміз.

Біз өзіміздің Кеңестегі төрағалығымыз кезінде Ауғанстандағы жағдай және Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамуды нығайту шаралары бойынша ауқымды, теңдестірілген, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыруға, сондай-ақ қорытындысы бойынша арнайы құжат қабылдауға бастамашылық жасауға ниеттіміз.

Біз Ауғанстанның бейбіт өмірге жедел оралуы үшін бұл елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына жан-жақты жәрдем көрсету, бейбітшілік пен қауіпсіздік қатеріне қарсы тұруды және елдің әлеуетін нығайтуды  жақтаймыз. Біз Ауғанстан/Талибан жөніндегі 1988 Комитетінің төрағасы ретінде мақсатты жұмыс атқаруға дайынбыз.

ТӨРТІНШІ. Халықаралық терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизмі бүгінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген және шиеленіскен сын-қатерлердің бірі болып табылады. Тек барлық мемлекеттер, халықаралық және өңірлік ұйымдар мен басқа да негізгі әріптестердің бірлескен күш жігерлерімен ғана осы өрбіген дағдарысты басқа арнаға ауыстырып, бұл зұлматты жоя аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан саяси және діни көшбасшылардың, әсіресе, зорлық-зомбылық экстремизмі және радикализм саласындағы диалогты жандандыруға шақырады.

Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің ИЛИМ (ДАИШ) мен Әл-Қағида жөніндегі 1267 Комитетінде осы сеніммен төраға болады.

Осы орайда, БҰҰ БА-ның 70-ші сессиясындағы сөйлеген сөзімінде ұсынылған БҰҰ аясында Жаһандық Антитеррористік коалицияны (жүйені) құру үшін негізі болуы мүмкін Халықаралық антитеррористік операциялар жүргізу кезінде Астана Әрекет кодексін дайындау туралы ұсынысты БҰҰ және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүше мемлекеттеріне жасауды жоспарлап отырмыз.

БЕСІНШІ. Африкада толық бейтбітшілік пен қауіпсіздікті іске асырмағанша орнықты жаһандық бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес.

Қазақстан Африкалық одақтың байқаушы елі және Қауіпсіздік Кеңестің Сомали/Эритрея жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде Африкалық Мүйіз өңірі мен бүкіл континентте ұлттық татуласу әрі бейбітшілікті қалпына келтіру бойынша халықаралық күш-жігерге үлес қосатын болады.

АЛТЫНШЫ. Біз бейбітшілік, қауіпсіздік пен дамудың бір-біріне байланыстылығын (security-development nexus) қамтамасыз ету арқылы ғана ұзақ мерзімді тұрақтылық пен орнықты бейбітішілікке қол жеткізу бойынша кешенді іс-қимылды келісілген түрде жүзеге асыра алатынымызға сенімдіміз. Соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, Орнықты даму мақсаттарын іске асыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, оның ішінде барлық мүше мемлекеттер климаттың өзгеруі туралы Париж келісімі шеңберінде өз міндеттерін орындау бойынша бірлескен шаралар осындай байланыстың негізі болуы тиіс.

Қазақстан тұрақты дамуға қол жеткізуге өзінің практикалық үлесін қосуда. 2017 жылғы жазда Астанада алдын алу дипломатиясының маңызды компоненттері – орнықты энергияны дамыту мен климат өзгеруінің салдарын барынша азайтуға бағытталған «Болашақ энергиясы» тақырыбына «ЭКСПО-2017» мамандырылған халықаралық көрмесін өткізу осындай қадамдардың бірі болып табылады.

ЖЕТІНШІ. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс барысында Қазақстан Кеңес пен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырда адамзатқа төнген қауіп-қатерлерге бейімдеуге және Дүниежүзілік Ұйымның әлемдік істердегі рөлін нығайтуға бағытталған шешімдерді әзірлеп, қабылдауды қолдайды.

БҰҰ, соғыстан кейінгі кезеңдегі басқа да ғаламдық құрылымдар сияқты ХХІ ғасырдың жоғарғы талаптарына сай келтірілуі тиіс.

Қазақстан Еуропа мен Американың, Азия мен Африканың барлық өңірлік ұжымдық қауіпсіздік ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге күш салатын болады.

Күшті жұмылдыру және ғаламдық әрі өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мемлекеттер арасындағы шынайы сенімді қамтамасыз ету бойынша ұжымдық саяси ерікті қалыптастыру мақсатында жылына бір рет немесе екі жылда бір рет Кеңеске мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшылары деңгейіндегі Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткізуді ұсынамыз.

Аталған Саяси үндеудегі мақсаттар мен міндеттер Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдары төрағалығы қызметіндегі жұмысының саяси басымдықтары мен практикалық компоненттері болмақ.

Қазақстан Кеңесте барлық мүше мемлекеттермен бірге аталған маңызды бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауапты, байыпты және сындарлы түрде жұмыс жасауға ниетті.

Қазақстан маңызды мақсат – ХХІ ғасырда қауіпсіз, әділ және өсіп-өркендеген әлем қалыптастыруға қол жеткізу жолындағы өзінің бастамалары әріптестер тарапынан қолдау табады деген сенімде.

 

Эта запись также есть в: English, Russian