Құрметті әріптестер!

 

12 қараша күні Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-інші отырысы барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне сайлау өтіп, Қазақстан Республикасы Азия-Тынық мұхит тобы атынан алғаш рет Кеңес мүшесі болып сайланды.
Қазақстан кандидатурасына 193 елден 183 мемлекет дауыс берді. Барлық сайланған мемлекеттер арасында алған дауыстар бойынша біз бесінші және Азия-Тынық мұхит тобы қатарында екінші орынға ие болдық. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі мен Қазақстан-БҰҰ арасындағы 20-жылдық ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары көрсеткішдің бірі.
Кеңестегі 5 орынға аталған топтан Қазақстан, Пәкістан, Корея, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері сұраныс берген болатын. Аталмыш сайлауда Біріккен Ұлттар Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі Кеңесіне барлығы 18 жаңа мүше мемлекет сайланды. Сайланған мемлекеттердің өкілеттігі
2013 жылғы 1 қаңтардан басталады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңес 2006 жылғы 15 наурызда құрылған. Кеңес, адам құқықтары жөніндегі Комиссияның орнынына құрылып, адам құқықтарын қорғау саласындағы жетекші халықаралық орган болып табылады. Кеңес құрамына 47 мемлекет кіреді. Кеңеске мүшелік барлық БҰҰ мүше мемлекеттері үшін ашық, олар БҰҰ БА мүшелерінің тікелей және құпия дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен үш жылға сайланады.
Қазақстан адам құқықтары жөніндегі Кеңестің жұмысын белсенді қолдайды және тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау мен жүзеге асыру саласындағы құқық қорғау тетіктерімен ынтымақтаса жұмыс істейді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Адам құқықтары жөніндегі Кеңес сессиясының жоғары деңгейлі Сегменті жұмысына жыл сайын қатысады.
2010 жылғы ақпанда Қазақстан Женевада БҰҰ Адам құқықтарын қорғау жөніндегі Кеңестің жаңа құқық қорғау тетігі – Әмбебап мерзімдік шолу аясында өзінің бірінші ұлттық баяндамасын ұсынып, табысты қорғап шыққан болатын.
Біздің еліміздің БҰҰ ең ірі құқық қорғау құрылымына сайлануы Қазақстанның адами әмбебап құқықтары мен бостандықтарын дәйекті нығайту мен қорғаудағы жетістіктерінің танылуы және Қазақстанның осы саладағы белсенді халықаралық ынтымақтастыққа деген қатаң ұстанымының айқын дәлелі болып саналады.
Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің мүшесі ретінде әділеттілік, бейтараптық, саясаттандырмау қағидалары негізінде жоғарғы стандарттар тәртібін басшылыққа ала отырып және сындарлы диалог құрып Адам құқықтары жөніндегі Кеңестің беделі мен тиімділігін арттыруға ниетті.
Сонымен қатар, 2012 жылғы 17 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінде өткен сайлау нәтижесінде ҚР Орталық сайлау комиссиясының Мүшесі Марат Сәрсембаев 2012 жылдың соңына дейін БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Комитет құрамына сайланғанын атап өткен жөн.

 

Өздеріңізге белгілі болатындай, 12 қарашада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметовтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары болып өтті.
РФ Үкімет Төрағасы Дмитрий Медведевпен шағын және кеңейтілген құрамдарда келіссөздер орын алды. Олардың барысында тараптар қазақстан-ресейлік ынтымақтастықтың сауда-экономикалық саласындағы басым бағыттары – мұнай-газ кешені, атом және электроэнергетика, ғарыш, өндірістік кооперация, индустриялды-инновациялық сектордағы екіжақты ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқыға салды.
Қазақстан мен Ресей Үкімет басшылары Кедендік Одақ, Біріңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясындағы интеграциялық ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Біздің пікірімізше, өзара ықпалдастықтың тиімділігін арттыру үшін интеграциялық бірлестіктер шеңберінде қабылданған барлық шешімдерді нақты жүзеге асыру қажет.
Сапар аясында Премьер-Министр ғылыми Орталық пен «Сколково» технопаркіне барып, инновациялық жобалармен танысты. Сонымен қатар, «Сколково» Қорының Президенті мен Жаңа технологияларды әзірлеу мен коммерция Орталығының Даму Қоры Басшылығымен кездесулер өткізді.

 

12-13 қараша аралығында Мадагаскар Республикасының Сыртқы істер министрі Пьеро Раджаонаривеллонның Астанаға алғашқы ресми сапары өтуде. Тараптар 2012 жылы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 20 жыл толуын атап өтті.
Сапар шеңберінде қазақстан-мадагаскарлық екіжақты және көпжақты санаттағы ынтымақтастықтың ахуалы мен одан әрі даму болашағын талқылау мақсатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовпен, Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаевпен, Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбековпен кездесулері өтті.
Екі елдің сыртқы саяси ведомство басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Мадагаскар Республикасы арасындағы өзаратүсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойылды.

 

14-16 қарашада Брюссельде Қазақстан – Еуропалық Одақ ынтымақтастық Комитетінің кезекті 12-шы отырысы өтеді.
Осы отырысқа қатысатын қазақстандық бірқатар мүдделі министрліктер мен ведомстволар өкілдерінен құралған делегацияға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков басшылық етеді.
Қазқстан Республикасының Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту саясаты шеңберінде екіжақты және көпжақты ынтымақтастық, сонымен қоса халықаралық күнтәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланады.

 

15-16 қараша аралығында Джибутиде Ислам Ынтымақтастық Ұйымының сыртқы істер министрлер Кеңесінің кезекті 39-ыншы сессиясы болып өтеді. ИЫҰ СІМК қатысатын қазақстандық делегацияны ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов басқарады.
39-ыншы сессия аясында Қазақстан Республикасы ИЫҰ-ындағы төрағалық тізгінін Джибути Республикасына табыс етеді. Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымының сыртқы істер министрлер Кеңесіне 2011 жылдың маусым айынан бастап төрағалық мәртебесінде.
Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Ислам конференциясы Ұйымының СІМК өткізілді. Оның қорытындысы бойынша бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, атап айтқанда Ислам конференцияның ұйымы толыққанды Ислам Ынтымақтастық Ұйымы мәртбесіне қол жеткізіліп, Астаналық декларация қабылданған болатын.
Қазақстанның Төрағалығы Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері тарихындағы ауыр кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өткен жөн.
Джибутидегі сессия алаңында Ерлан Ыдырысовтың Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас Хатшысы Экмеледдин Ихсаноглумен, сонымен қатар бірқатар жетекші ислам мемлекеттерінің сыртқы саяси ведомство басшыларымен екіжақты кездесулері жоспарланған.
Кездесу барысында тараптар аталған беделді ұйымдағы Қазақстан төрағалығын қорытындылап, Ұйым аясындағы ынтымақтастықтың жоспарларын талқылайды.
Біздің еліміз өзінің ИЫҰ төрағалығы барысында әріптестері тарапынан Ұйымның және халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша белсенді іс-әрекеттері мен салмақты ұстанымы үшін жоғары бағаға ие болды.
2012 жылғы 28 қыркүйекте Сыртқы істер министрлігінде Мемлекет басшысы Қазақстанның Ислам Ынтымақтастық Ұйымындағы Төрағалығының қорытындыларына оң баға берген болатын.

 

16-18 қараша аралығында Абу-Дабиде «Сыр Бани ЯС» халықаралық форумы өтіп, оның жұмысына ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қатысады.
Іс-шара аясында Палестина болашағына және таяушығыстық процессті бейбіт түрде реттеуге, аймақтағы АҚШ саясатына, Сириядағы және онымен көршілес елдердегі өзгерістерге, Исламның қазіргі деңгейдегі болашағына, сонымен қатар басқа да аймақтық және халықаралық мәселелерге қатысты сессиялық отырыстар өтеді деп күтілуде.
Форум аясында Министр Ерлан Ыдырысовтың бірқатар мүше мелекеттердің сыртқысаяси ведомство басшыларымен кездесуі өтеді.

 

Консулдық сұрақтар

 

РФ аумағында жұмыс құлдығына ұшыраған Қазақстан азаматтарына қатысты

 

Біз осыған дейін хабарлағандай, қазіргі таңда Мәскеудің тергеу органдарымен Ресей азаматтары болып табылатын, Қазақстан тумалары, мәскеулік азық-түлік дүкен желілерінің қожайындары, Қазақстан азаматтарын Ресейге шығарып алуға тікелей қатысы бар бұл азаматтарға қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін ҚР Ресейдегі Елшілігінің Консулдық бөлімі біздің 5 азаматымызға жақын арада елге қайтару мақсатында қайту куәлігі рәсімделген.
Біздің кейбір отандастарымыз елге оралды. Қалған азаматтарымыз тергеу органдарына тиісті арыз жазып, тергеуге қажетті сұрақтарға жауап берді.

 

Дагестанда оққа ұшқан адамның азаматтығына қатысты

Дагестанда оққа ұшыраған адамның азаматтығын анықтау мақсатында ресей тарапына дер кезінде тиісті сұраныс жолданды.
12 қараша күні РФ Ұлттық лаңкестікке қарсы комитетінен тиісті ақпарат алдық. Ресей Федералды Қауіпсіздік Қызметінің Шекара қызметі мәліметтеріне сәйкес, Ақтау тумасы, 01.06.1985 ж.т. Кадымов Вадим Кадысович жеке сапармен 2010 жылдың 24 шілдесінде Қазақстан Республикасының ұлттық паспортымен РФ шекарасынан өткені анықталды. ҚР паспорты өз күшін 2012 жылдың 17 мамырында жоғалтқан.
Дагестан Республикасы Тергеу басқармасының алдынала ақпараты бойынша, қазіргі таңда оның азаматтығын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған тұлға Қазақстан Республикасының азаматы деп танылған жағдайда Тергеу басқармасы ресми түрде хабарлайтын болады.

 

Түркменстанда ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты

Осыған дейін хабарланғандай, 19 қазанда Түркменстан Шекара қызметі Қазақстанның 7 азаматын Түркмен шекарасын заңсыз өткені үшін ұстаған болатын.
Біздің азаматтарымыздың уақытша ұстау изоляторындағы жалпы жағдаймен танысу мақсатында қазақстандық Елшілік өкілінің біздің азаматтармен кездесуі өткізілді.
Қазіргі кезде дипломатиялық арналар бойынша біздің отандастарымызды босату мүмкіндігі жөнінде белсенді жұмыс атқарылуда.
Жақын арада түркімен тарапының сот шешімі шығады деп күтілуде.
Қазақстан азаматтарын босату мәселесі біздің елдеріміз арасында орнаған тату көршілес қарым-қатынас рухында оңынан шешіледі деп үміттенеміз.