2012 жылдың 14 қыркүйегінде Варшаваның «Луна» кинотеатрында ҚР Елшілігінің көмегімен Польшадағы қазақстандық жастардың «Барыс» қоғамы ұйымдастырған қазақ киносының күндері ашылды.
Фестивальды ашу салтанатында Қазақстанның Варшавадағы Елшісі Ерік Өтембаев «Студенттер бастамасын сүйсіне қолдадық және поляк достарымыздың қазақстандық киношылардың жаңа шығармаларымен таныса алатынына қуаныштымыз. Бүгінгі күні олар Еуропада ұдайы қызығушылық туғызатын қазақстандық ұлттық кино мектебінің өзіндік дәстүрлерін жалғастырып келе жатыр» деп атап өтті.
Қазақ киносының күндері шеңберінде поляк көрермендердің біразына таныс «Сталинге сый» фильмі көрсетілді. Фильмдегі басты рөлдердің бірін Вальдемар Шчепаняк деген поляк актеры ойнайды. Картинаның продюссерлесі белгілі поляк режиссеры Кшиштоф Занусси болды (оның өз фильмдері Венециялық және басқа беделді фестивальдарда жеңіп шыққан). Фильм болса үш жыл бұрын Варшава халықаралық фильмдер байқауында басты жүлдені жеңіп алған. Кинофестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Занусси өзінің Қазақстанға сапарларын жылы лебізбен еске алатынын айтып, студенттердің бастамасына өз қолдауын білдіріп, зор табыс тіледі.
Кино күндерін ұйымдастырған Польшадағы қазақстандық жастар «Барыс» қоғамы бір жыл бұрын құрылған болатын. Сол уақыт аралығында студенттер Польша аумағында үкіметтік емес ұйым ретінде ресми тіркеуден өтіп, елдің ірі қалаларында қазақстандық студенттердің басқосуларын ұйымдастырып, университеттер мен кітапханаларда елімізге арналған презентациялар, отандастар арасында екі футбол жарысын өткізді.
Қоғамның төрағасы, Познаньдегі Адам Мицкевич универститетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқитын Ертіс бойы өлкесінің өкілі Никита Галенченко «Біз Польшада білім алып жатқан қазақстандықтарды тәуелсіз мемлекетімізді, қазақ және отанымызды мекендейтін басқа да ұлттардың бірегей мәдениетін лайықты дәрежеде көрсету үшін біріктіруге тырысамыз. Осылайша екі халықтың жақындасуына, саяси, экономикалық және рухани саладағы қазақстандық-поляк ынтымақтастығын нығайтуға қолымыздан келетін үлесімізді қосқымыз келеді» деп атап өтті.
Варшава, Познань, Краков және Лодзь қалаларының тұрғындары бір ай бойы «Қазақфильм» студиясы арқылы ұсынылған алты кинотуындыны тамашалай алады. Олардың арасында – «Сталинге сыйлық», «Мұстафа Шоқай», «Балалық шағымның аспаны», «Жерұйық», «Қызғылт қоян туралы хиқая» және «Жоюшы» фильмдері бар.