Бұл мәлімдеме мемлекет басшысының Вашингтон қаласында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысуы барысында қабылданды.

Құжатта тараптар ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру туралы ұстанымдарын тағы да растады.

***

Қазақстан мен Жапонияның Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне тезірек қол жеткізу жөніндегі бірлескен  мәлімдемесі  

1. Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттің (ЯҚС) өтуіне орай біз, Қазақстан мен Жапония, ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру туралы ұстанымымызды тағы да қуаттаймыз және мұны адамзаттың ХХІ ғасырдағы ең басты мақсаты деп есептейміз.

2. Биыл Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) қол қою үшін ашық деп танылуының 20 жылдығы және Қазақстандағы Семей ядролық полигонының жабылуының 25 жылдығы екендігін ескере отырып, біз ядролық қару жойылғанға дейін оны қолданбау аймағының аясын кеңейте береміз деген шешімімізді тағы да растаймыз және ЯСЖТШ-ның тезірек күшіне енуіне қол жеткізу жолындағы айнымас ұстанымымызды тағы да қуаттаймыз.

3. Бүгінде ЯСЖТШ-ға 183 мемлекет қол қойып, оны 164 мемлекеттің ратификациялауы арқылы Шарт іс жүзінде әмбебаптық сипатқа ие болды, біз мұны құптаймыз және Шартқа қол қоймаған немесе оны ратификацияламаған барлық елдерді бұл істі мүмкіндігінше тезірек жасауға шақырамыз. Атап айтқанда, біз ЯСЖТШ күшіне енуі үшін 2-қосымшада көрсетілген, ратификациясы қажет қалған 8 елді Шартқа басқа елдердің қосылуын күтпестен, бұдан әрі кешіктірмей қол қоюға және оны ратификациялауға шақырамыз.

4. Біз ЯСЖТШ-ның күшіне енуін күте отырып, барлық мемлекеттерді 1991 жылғы тамызда Семей сынақ полигонының жабылуына оң ықпал еткен үдеріс – ядролық қаруды сынақтан өткізуге жарияланған мораторийді бұдан әрі де сақтауға шақырамыз.

5. Осыған орай, Солтүстік Кореяның халықаралық міндеттемелерді бұзып, 2006, 2009, 2013 және 2016 жылдары жүргізген ядролық сынақтарын біз қатаң айыптаймыз және Солтүстік Кореяны жаңа ядролық сынақтардан бас тартуға шақырамыз. Біз Солтүстік Кореяны Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тиісті қарарларын, соның ішінде таяудағы қарарын (UNSC/RES/2270) және 2005 жылғы 19 қыркүйектегі Алтыжақты келіссөздің бірлескен мәлімдемесі аясындағы міндеттемелерін толық орындауға, сондай-ақ  денуклеаризация жөнінде нақты шаралар қабылдауға шақырамыз.

6. ЯСЖТШҰ-ның (Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы) Халықаралық мониторинг жүйесі (ХМЖ) Солтүстік Кореяның 2016 жылғы 6 қаңтардағы ядролық сынағынан соң бірден әдеттен тыс сейсмикалық белгілерді байқағанын ескере келіп, ЯСЖТШ бақылау режімі өзінің табысты жұмыс істейтінін көрсеткенін атап айтамыз және осы маңызды режімді қолдау туралы ұстанымымызды тағы да растаймыз.

 

www.akorda.kz