ҚР Варшавадағы Елшісі Ерік Өтембаев Польшаның вице-премьері-экономика министрі Вальдемар Павлякпен кездесу өткізді.
Қазақстандық дипломат сұхбаттасын өзінің Польшадағы экономикалық өсімді ынталандырумен айналысатын арнайы мемлекеттік мекемелерінің басшыларымен, атап айтқанда Ақпарат және шетелдік инвестициялар Агенттігінің, Кәсіпкерлікті қолдау Агенттігінің, Өнеркәсіпті дамыту Агенттігінің және Ауылшаруашылық нарығын дамыту Агенттігінің басшыларымен өткен кездесулерінің қорытындыларынан хабардар ете отырып, ол Қазақстан мен Польша арасында аймақаралық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар нақты жобаларды іске асыруды ұсынды.
Осы орайда тараптар екі елдегі облыстар мен воеводстволардың басшылары мен кәсіпкерлерінің қатысуымен қазақстандық-польшалық аймақтар форумын, 2013 ж. бірінші жартысында Кельце қаласында ауыл шаруашылық өндірушілері үшін бірлескен семинар өткізу және аграрлық секторды қолдаумен айналысатын мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері үшін Польшада тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндігін талқыға салды. Сонымен қатар, жақын арада Қазақстанда құрылыс, тау-кен өндірісі мен машина жасау салаларындағы жобаларға инвестиция құю мүмкіндігін зерттеу мақсатында поляк кәсіпкерлерінің арнайы іссапары ұйымдастырылады.
В.Павляктың айтуынша, «2013 жылы Қазақстан Польша кәсіпкерлерінің ерекше назарында болатын болады». Аталған жағдайға Польша үкіметінің арнайы үшжылдық бағдарламасының аясында поляк компаниялары үшін келешегі аса мол бес шетелдік нарықтың қатарында Қазақстанды таңдауы айтарлық әсер тигізетін болады (бұл топқа Канада, Бразилия, Түркия және Алжир да кірді). Вице-премьер біздің Елшіні қазіргі кезде құрылыс, тау-кен машиналарын жасау және қорғаныс өндірісі салаларын алға тарту Польшаның үш мемлекеттік бағдарламаларымен қамтылғаны туралы ақпараттандырды.
Кездесудің соңында В. Павляк мемлекеттік пакеттері жекешелендірілуі тиіс поляк кәсіпорындарының тізімін табыстап, қазақ компанияларын аталған жобаларға белсенді қатысуға және Еуроодақ пен Кеден одағы шекараларына жақындығын ескере отырып Польшадағы көліктік-логистикалық терминалардардың дамуына инвестиция құюға шақырды.