Құрметті әріптестер!

 

Еліміздің сыртқы саяси өмірінде өткен апта Қазақстан мен Монако арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар тарихында алғаш рет Монако Билеуші Князі Альбер ІІ-нің Қазақстанға ресми сапарымен ерекшеленді.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Альбер ІІ келіссөздері нәтижесінде Бірлескен декларация қабылданып, ҚР Сауда-өнеркәсіп Палатасы мен Монако экономикалық даму Палатасы арасында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Альбер ІІ ғаламдық деңгейде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында халықаралық және аймақтық институттар шеңберінде екі мемлекеттің бірлескен жұмыстарын жалғастыра беруге өз ниеттерін жеткізді.

 

Алдағы аптада

 

8-9 қарашада Венада Адами өлшем бойынша «Жиналу және бірігу еркіндігі» тақырыбына арналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қосымша кеңесі өтеді.
Аталған кеңестің жұмысына Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Үсен Сүлеймен бастаған қазақстандық делегациясы қатысады.
Аталған іс-шара барысында плюралистік және демократиялық қоғамды нығайту мақсатында ЕҚЫҰ кеңістігінде бейбіт жиналу мен бірігу еркіндігі бойынша құқықтарды қорғау мәселелерін талқылау жоспарлануда.

 

9-10 қараша аралығында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Михаил Мясниковичтің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары көзделуде.
Сапар аясында Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметовпен кездесуі және бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған. Бұл құжаттардың қатарында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасының Үкіметі арасында 2000 жылдың 22 мамырында қабылданған салық заңнамасын қадағалау жөніндегі ынтымақтастық пен өзара көмек көрсету туралы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі Хаттама» және «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Беларусь Республикасы Орман шаруашылығы министрлігі арасында орман шаруашылығы саласында ынтымақтастық жөнінде Келісім» бар.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстан-беларусь ынтымақтастығының ахуалы мен болашағын талқылау және өзара тауарайналымды ұлғайту бойынша шаралар қабылдау жөнінде өзара пікір алмасу жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Үкімет басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық, Кеден Одағы, Біріккен экономикалық кеңістік сияқты аймақтық интеграциялық бірлестіктер шеңберіндегі өзара ынтымақтастық мәселелерін қарастырады.
Сапар аясында Қазақстан-Беларусь Іскер форумының екінші отырысын, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Беларустық Үкіметаралық комиссиясының 9-ыншы отырысын және екі елдің Сауда-өнеркәсіп Палаталары арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Іскер Кеңестің бірінші отырысы өткізу көзделген.

 

10 қараша күні Токиода «Орталық Азия + Жапония» Диалогы аясында Сыртқы істер министрлерінің 4 басқосуы өтеді. Бұл шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Жапон сыртқысаяси ведомство басшылары қатысады деп күтілуде. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер Министрі Ерлан Ыдырысов басқарады.
Кездесу аясында тараптар аймақтық ынтымақтастық мәселелерін, Орталық Азия елдерінің Жапониямен қоршаған ортаны қорғау,
денсаулық сақтау, энергетика, сауда және инвестиция, аймақтық қауіпсіздік салаларындағы ықпалдастығын талқыға салып, осы Диалог аясындағы ынтымақтастыққа деген жаңа ұстанымды растайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдауды көздеп отыр.
Тараптар су-энергетика қорларын үнемді пайдалану және басқару; аймақтың транзиттік-көліктік әлеуетін арттырып, экологиясын сауықтыру; энергия көздерін үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу және қайта жанданатын энергия көздерін дамыту.
Отырыс барысында қазақстандық делегация басшысының Жапон Премьер-министрі Йосихико Нодамен, Сыртқы істер министрі Коитиро Гэмбамен, Қазақстанмен достық Парламенттік лигасының төрағасы, бұрынғы Премьер-министр Юкио Хатоямамен, Экономика, сауда және индустрия министрі Юкия Эданомен, сондай-ақ отырысқа қатысатын Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлерімен кездесулері көзделіп отыр.
Жалпы, аталмыш консультациялардың бұл тетігі Орталық Азия елдерінің әрқайсысы үшін Жапониямен әріптестік қарым-қатынастарды дамытып, біздің аймақпен көпжақты өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өткен жөн.
Анықтамалық: «Орталық Азия + Жапония» диалогы Жапония Сыртқы істер министрінің 2004 жылы Орталық Азия елдеріне сапары барысында жапон тарапының бастамасымен іске қосылған болатын.
Сыртқы істер министрлерінің бірінші отырысы 2004 жылдың 28 тамызында Астанада, екіншісі – 2006 жылдың 5 маусымында Токиода, үшіншісі – 2010 жылы Ташкентте болған.

 

Консулдық сұрақтар

 

РФ аумағында жұмыс құлдығына түскен Қазақстан азаматтарына қатысты

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің Консулдық бөліміне тұрақты түрде Мәскеуде құлдыққа түскен қазақстандық азаматтарға қатысты ақпарат түсіп отырады.
Консулдық бөлім ақпараты бойынша, қазіргі таңда Ресей азаматтары болып табылатын, Оңтүстік Қазақстан тумалары, мәскеулік азық-түлік дүкен желілерінің қожайындары, ерлі-зайыпты Рашид және Жанна Мұсабековтар заңсыз жұмысқа салу мақсатында бірнеше рет Қазақстан азаматтарын Ресейге шығарып алуға тікелей қатысы анықталған.
Бұл фактілер бойынша біз ҚР құзырлы органдарына тиісті ақпараттар жолдап, Ресей азаматтары тарапынан заңсыз іс-әрекеттерді алдын-алу бойынша тиімді шаралар қабылдау туралы сұраныс жеткіздік.
Сонымен қатар, Қорған облысының Куртамыш ауданында Фермер қожалығының басшысы мен оның көмекшісі Қазақстан Республикасының екі азаматын зорлықпен құлдықта ұстап отырған деген ақпарат келіп түсті. Қазіргі таңда аталған тұлғалардың азаматтығын анықтау мақсатында Омск қаласындағы Қазақстан Консулдығы аталған ауданның тергеу органдарына тиісті сұраныс жолдағанын хабарлаймыз.
Қазақстан азаматтығы расталған жағдайда Сыртқы істер министрлігі айыпталушылардан материалды және моральдық зақымдарды толығымен өтеуді талап ететін болады. Сонымен қоса, айыпталушылардың кінәсі дәлелденген жағдайда, Қорған облысы тергеу органдарын айыпталушыларды Ресей заңнамасының барлық қатаңдығымен жазалауды сұрайтын боламыз.