23 қазанда Цюрих қаласында Қазақстан мен Швейцария арасында Іскерлік кеңес құру туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа Кеңестің тең төрағалары «Қазатомпром» ҰАК» АҚ басқарма Төрағасы В.С.Школьник және «Stadler Rail Group» бизнес бірлестігінің Президенті және иесі Петер Шпулер қол қойды.
Іскерлік кеңестің құрамына Қазақстан тарапынан – Қазақстанның «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасы, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы және аса ірі ұлттық компаниялар, ал Швейцария тарапынан – «Economyswiss» бизнес компаниялардың швейцариялық қауымдастығы, «SwissMEM» машина жасау компанияларының қауымдастығы, OSEC Швейцария экспортына жәрдемдесу жөніндегі ұйым және өзге де ірі жекеменшік компаниялар кірді.
Келіссөздер барысында Кеңес қызметінің келешегі мен әкімшілік жұмыс сұрақтары талқыланды. Осыған орай отырыстарды жылына екі рет Қазақстан мен Швейцарияда кезекпен өткізуге келісті. Сондай-ақ 2 айдың ішінде екі мемлекет компанияларының іскерлік мүдделері туралы толық ақпарат алмасу жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Іскерлік кеңестің мүшелік құрамын кеңейту мен ынтымақтастықтың келешекке арналған жобаларын анықтау жөніндегі жұмыстар жүргізілетін болады.
Бірінші отырысты Швейцария Конфедерациясы Президентінің 2013 жылы өтеді деп күтілетін ресми сапары шеңберінде Қазақстанда өткізу жоспарлануда.